Коммунальное государственное казенное предприятие "Павлодарская областная филармония имени Исы Байзакова"


Иса филармониясының артисттері құрметке бөленді

Иса филармониясының артисттері құрметке бөленді

Бүгін Павлодар облысының басты концерттік-гастрольдік ұйымы – Павлодар облыстық Иса Байзақов атындағы филармония артисттеріне таңертеңнен бастап жылы лебіздер мен құттықтаулар айтылуда. Мәдениет және өнер қызметкерлері күні мен шығармашылық маусымның жабылуы қарсаңында филармония ұжымын алғашқылардың бірі болып AMANAT партиясының өкілдері, депутаттар мен кәсіподақ жетекшілері құттықтады.

Бүгін Павлодар облысының басты концерттік-гастрольдік ұйымы – Павлодар облыстық Иса Байзақов атындағы филармония артисттеріне таңертеңнен бастап жылы лебіздер мен құттықтаулар айтылуда. Мәдениет және өнер қызметкерлері күні мен шығармашылық маусымның жабылуы қарсаңында филармония ұжымын алғашқылардың бірі болып AMANAT партиясының өкілдері, депутаттар мен кәсіподақ жетекшілері құттықтады.

«Сіздердің еңбектеріңіз қоғам үшін, мәдени байыту, рухани-адамгершілік тәрбие мен өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісі үшін аса маңызды. Мәдениет пен жоғары өнер – прогрестің қозғаушы күші, табысқа бастар жол. Осындай керемет филармониямыздың, дарынды әрі жоғары кәсіби шығармашылық тұлғалардың барын мақтан тұтамыз. Біз әрдайым мәдениет қайраткерлерін қолдауға тырысамыз. Достығымыз бен өзара сыйластығымыз нығая берсін. Әрқайсыларыңызға шабыт, тың шығармашылық идеялар, зор қошемет пен жарқын эмоциялар тілеймін», - деді Асылбек Туғанбай.

Кәсіби мереке мен 84-филармония маусымының жабылуы қарсаңында өзге де қонақтар жылы лебіздерін білдірді. Артисттерге алғыс хаттар, дипломдар мен құрмет грамоталары табысталды.

«Сіздер халыққа жақсылық, қуаныш пен әсемдік сыйлайсыздар. Ең ізгі сезімдерді тарту етіп, мәдениетті дамытуға өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Өздеріңізге және отбасыларыңызға зор денсаулық, амандық пен өркендеу тілейміз», - құттықтады облыстық мәдениет қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Алмагүл Қозбаева.

Облыстық мәдениет басқармасы мен филармония әкімшілігінің атынан жиырмаға жуық қызметкер, оның ішінде техникалық мамандар да марапатталды.

«Жыл сайын филармониямыздың мүмкіндігі мен шығармашылық әлеуеті артып келеді. Репертуар кеңейіп, гастрольдік сапарлардың географиясы ұлғаюда, көрермен саны да қарқынды өсіп жатыр. Бұл – дұрыс бағытта келе жатқанымыздың айғағы», - атап өтті филармония басшысы Амангелді Қожанов.

Марапатталғандардың арасында батыл шығармашылық жобалар мен сахналық қойылымдардың жас талантты авторлары мен қатысушылары да аз емес.

«Бүгін ерекше күн. Құттықтау қабылдап, көпшіліктің назарында болу өте қуанышты. Биылғы маусым өте мазмұнды өтті. Алдағы уақытта да көрермендерімізді қуантып, таңғалдырып, тәнті етуге тырысамыз», - деді 2020 жылдан бері филармонияда қызмет етіп келе жатқан «Шернияз» би ансамблінің артисі Адия Нұртас.

Құрмет грамоталарымен сондай-ақ «Лад» ансамблінің артисі Сергей Тыщенко, «Ретро» тобының солисі Вероника Федулова, джаз оркестрінің саксофоншысы Еркебұлан Алдабергенов және халық әншісі Гүлназ Қыздарбекова марапатталды. Өтіп жатқан маусым «Нұр» би ансамблінің артисттері үшін де табысты болды.

«Шығармашылық жыл жарқын әрі мазмұнды өтті. Ол Оңтүстік Кореядағы халықаралық фестивальге сапармен басталды – бұл біз үшін өте құнды тәжірибе болды. Өзге елдердің мәдениетімен танысып, жаңа достар таптық. Кейін көптеген қызықты концерттер, қазақстандық жұлдыздармен бірге өнер көрсету, жаңа әсерлер мен шығармашылық жұмыстар жалғасты. Мен және әріптесім Даниил Колесников үшін Қазанда өткен байқау ерекше маңызды оқиға болды. Біз лауреат атандық. Жалпы, бұл маусым мен үшін өте маңызды кезеңге айналды», - деп санайды ансамбль артисі Аян Әби.

Сахна ардагерлері де өз әсерлерімен бөлісіп, тұрақты көрермендерге, достар мен серіктестерге жоғары өнерге деген құрметтері мен қолдаулары үшін алғыстарын білдірді.

«Біз барлығын халық үшін, үлкен-кіші көрермендеріміз үшін, еліміз үшін жасаймыз. “Әсемдік әлемді құтқарады” деп бекер айтылмайды. Өнер адамды мейірімді етіп, жақсы қасиеттерге тәрбиелейді. Сондықтан музыка, ән мен би арқылы халыққа рухани тәрбие беру қажет. Өткен жылдың соңында бізде облыс әкімі Асаин Байханов қонақта болды. Өте жылы жүздесу, ашық әңгіме өтті. Көп жақсы сөз естіп, жаңа идеяларды жүзеге асыруға үлкен серпін алдық. Біздің камералық хорымыз да әріптестеріміз секілді үнемі ізденісте. Жуырда Ақтөбеге барып, беделді «Жұбанов көктемі» байқауының лауреаты атандық, ал ерлердің «SAMIYAN» квинтеті Түркияда Гран-при жеңіп алды. Демалыс та жақындап қалды, сахнаны сағынатын боламыз», - деді филармония камералық хорының негізін қалаушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мадина Жармұхамбетова.

Маусым филармонияның өзге ұжымдарына да көрермендермен көптеген жарқын кездесулер сыйлады.

«Концерттен концертке, сапардан сапарға – соншама қызық оқиға болды, бәрін тізіп шығу қиын. Әсіресе балалармен бірге жүзеге асқан жобалар есте қалды. «Самға» бағдарламасы аясында музыка колледжімен бірлесіп концерттер өткіздік. Сондай-ақ Екібастұздағы «Бозшакөл» кенішіне сапар ерекше әсер қалдырды. Оркестр алып экскаваторлар мен карьерлік техникалардың арасында, ашық аспан астында кәсіпорын жұмысшыларына арнап өнер көрсетті. Біз демалысқа жақсы көңіл күймен әрі жаңа маусымнан үлкен үмітпен кетіп барамыз. Күзде жаңа аспаптар мен жаңа концерттік костюмдер күтеміз. Баршаңызды мерекемен құттықтаймыз!» - дейді Рүстем Омаров атындағы оркестрдің инспекторы, домбырашы Сайран Макишева.

Айта кетейік, Иса Байзақов атындағы филармонияның 84-шы шығармашылық маусымын симфониялық және джаз оркестрлері қорытындылайды. Симфониялық музыка кеші 24 мамыр күні өтсе, джаз оркестрінің маусымдық қорытынды концерті 29 мамырға жоспарланған.